Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстанның ІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Биыл күзде Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы үшінші өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір башысы Өмірзақ Шөкеев бастаған делегация Өзбекстан Республикасының Үргеніш қаласында Үкімет басшыларының қатысуымен өткен «Агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы өңірлік бизнестің ынтымақтастығы» тақырыбындағы Өзбекстан мен Қазақстан аймақаралық ынтымақтастығының 2-форумына қатысты.

Жиынға ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен ӨР Премьер-Министрі А. Арипов, сондай-ақ екі елдің бизнес-қоғамдастығы қатысты. Түркістан облысы әкімнің орынбасары М. Мырзалиев өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін таныстырды. Өзбекстан Түркістан облысы мен жалпы Қазақстанның маңызды, стратегиялық және сенімді серіктесі болып табылады. Осыған байланысты, Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығының Түркістан облысын дамытудағы маңызын атап өткен жөн.

«Форум аясында Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасының өңірлері арасында өзара ынтымақтастық туралы 7 келісім мен жалпы сомасы 50 млн. АҚШ доллары болатын 3 экспорттық келісімшартқа қол қойылды. Бұл шара аймақаралық қатынастарды одан әрі дамытып, нығайтуға ықпал етпек. Екі елдің өңірлеріне инвестиция тарту аясында Түркістан облысының әкімі мен Ташкент және Сырдария облыстарының хокимдері ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, оның ішінде Түркістан облысы мен Ташкент облысының Кәсіпкерлер Палатасы өңірлерге инвестиция тарту аясында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды» делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Түркістан мен Нұрафшон қалаларының әкімдіктері арасында инвестицияларды бірлесіп тарту және экспортты өзара дамыту туралы келісімге қол қойылды. Әкімдіктер инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және екі қаладағы туристік айналымды өзара ұлғайту туралы уағдаласты.

Сондай-ақ, форум кезінде қазіргі уақытта Өзбекстан Республикасы мен Түркістан облысының бірлескен туризмі бастау алатын Жібек жолы бойынша құрамдастырылған турларды қоса алғанда, «Алтын квадрат» жаңа және қазіргі заманғы туристік бағыттары әзірленуде. Осыған байланысты, форум аяқталғаннан кейін Түркістан, Ташкент, Самарқанд және Бұхар өңірлері арасында осы облыстардың туризм нысандарын бір бағытқа қосатын туристік кластерді құрудағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы төрт жақты келісімге қол қойылды.

Түркістан облысы туризмнің ордасына айналады. Түркістан-туризмі тартымды,емге дауа, жанға шипа болатын нысандарымен мақтана алатын, тұмса табиғаты көздің жауын алатын көрікті мекен. Сондай әр қырын дамыту арқылы туристерді тартуға зор мүмкіндік беретін еліміздегі тарихи, тылсым мекеннің бірі де бірегейі. Былтыр өңірге 2 миллионға жуық адам қонақ болған.

Облыстың жаңа тарихы басталған сәттен бастап қалада автокөлік жолдарының құрылысы, сондай-ақ 3 млн.адам қабылдауға қауқарлы жаңа халықаралық әуежай құрылысы қарқынды жүруде. Облыс басшылары аталған іс-шаралар мен қажетті инфрақұрылым құрылысы отандық және шетелдік туристік ағынның ұлғаюын қамтамасыз ететініне сенімді.

«Түркістан күзде өтетін түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесінің Саммитін өткізуге дайын деп айтуға болады. Бүгінде Түркістан қаласында бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандар, соның ішінде «Ұлы Жібек жолы дәстүрлі қолданбалы өнер ұлттық орталығы», аумағы 7 000 шаршы метрді құрайтын амфитеатр, музыкалық субұрқақ, шығыс моншасы, әлемдік деңгейдегі мұражайлар, тарихи орталықтар бой көтерді. Сондай-ақ, Конгресс холының, «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешенінің құрылысы, «Риксос» және «Хилтон» сияқты әлемдік стандартты қонақ үйлердің құрылысы, Х. А. Ясауи мұражайы және т.б. жүргізілуде. Шаһарда 24 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 73 тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарлануда. Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев мырзаның сыйға тартқан аумағы 80 га болатын мешіттің құрылысын атап өткен жөн» деп мәлім етті баспасөз қызметі.

Аймақ басшылары бұл шаралар мен қажетті инфрақұрылымның құрылуы ішкі және шетелдік туристердің санын арттыратынына сенімді. Осы орайда, Түркістан күзде өтетін түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммитін өткізуге дайын екендігін атап өту қажет.

Форум барысында екі елдің жетекші кәсіпорындарының көрмесі өтіп, онда Түркістан облысының кәсіпкерлері қатысушыларды өңірдің туристік бағыттары мен өндірілетін өнімдермен жан-жақты таныстырды. Атап айтқанда, туризм басқармасы және «Turkistan tourism centr» туристік ақпараттық орталығы, «ShimTour» және «Quansh tour» туристік компаниялары, «Industry Tourism Association Of Central Asia» («ITA Of CA») туристік компаниялары, «Сарыағаш Тур», «Сапар Сарыағаш» компаниясы және «Сарыағаш ЕСК» шипажайы өздерінің туристік жарнамалық материалдарын ұсынып, форум қатысушыларын өңірдің туристік әлеуетімен таныстырды.

«Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Қайып-ата» ЖШС, «Ордабасы Құс» ЖШС, «Dala Fruit.kz» ЖШС, «CG Foods Central Asia» және қолөнерші Г. Б. Кунходжаев өз өнімдерімен жан-жақты таныстырды.

Форум аясында 2020 жылдың қазан айының екінші жартысында Түркістан облысында Қазақстан мен Өзбекстанның ІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетіні туралы шешім қабылданды.


Соңғы жаңалықтар