Түркістанда биыл 15 нысан пайдалануға беріледі

None
None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат – Түркістан қаласында ағымдағы жылы жаңадан салынған 15 нысан пайдалануға беріледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының міндетін атқарушы Бақтыбай Дүйсебеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақтыбай Дүйсебековтің айтуынша, Түркістан қаласындағы құрылыстар екі аймаққа бөлінген. Олар: әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталық. Аймақтарда қазіргі таңда 15 мәдени-әлеуметтік нысан салынып жатыр. Аталған құрылыстар 2020 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда.
« «Әкімшілік-іскерлік орталықта» 8 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олар: жабық бассейні бар спорт кешені, 7000 орындық стадион, Оқушылар сарайы, Департаменттер үйі, Басқармалар үйі, Конгресс холл, Цифрлық кеңсе, Аттракциондар саябағы. Ал «Рухани-мәдени орталықта» 7 нысан: Ясауи мұражайы, «Ұлы Дала» орталығы, Қолөнер шеберлері орталығын қайта жаңғырту, Ғылыми-әмбебап кітапханасы, Драма театры, Тұңғыш Президенті саябағы, Арбат. Бұдан өзге, «Рухани-мәдени орталығында» «Керуен сарайының» құрылысы басталды», - деді Бақтыбай Дүйсебеков.


Сондай-ақ басқарма басшысының міндетін атқарушы өткен жылы қалада 9 нысан салынғанын атап өтті. Олардың қатарында облыс әкімдігінің ғимараты, Қабылдау орталығы, Неке қию сарайы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Амфитеатр, Музыкалық субұрқақ, Музыкалық мектеп, Олимпиадалық резерв мектебі, Шығыс моншасы бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласында жеке инвестициялар есебінен туристерге лайықты сервистік қызмет көрсететін «Rixos», «Нұр-Әлем», «Hampton by hilton» атты қонақ үй кешендері бой көтеруде. Аталған нысандардың құрылысы ағымдағы жылы бітеді. Бұдан өзге, Қ.А.Ясауи кесенесінің буферлік аумағында абаттандыру жұмыстарын аяқтау көзделіп отыр. Аумағы 20 гектарды құрайтын Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақ салынды. Өткен жылы аталған басқарма облыс бойынша аудандық, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімдері тарапынан 81 253 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде, ҚР аумағында жылжымайтын мүлік объектілерінің мекен-жайын айқындау бойынша 74 145 анықтама, 2 809 сәулет-жоспарлау тапсырмасы беріліп, 4299 эскиздік жоба келісуден өткізілген.


Соңғы жаңалықтар