Түркістанда айыппұл төлегісі келмеген жүргізуші полицейге пара ұсынды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері тәртіп сақшысына пара бермекші болған жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысының полицейлері тәулік бойы жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау, қауіпсіздік ережесін сақтау мақсатында патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге қарқынды жұмыс жүргізіп отыр.

Осындай кезекті жұмыс күнінде Түркістан ҚПБ ЖПҚ ППР инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұржан Күмісбаев Түркістан қаласының С.Ерубаев пен Ш.Айманов көшесінің бойында жол ережесін өрескел бұзып, бұрылыс жасауға болмайтын жерден бұрылған TOYOTA маркалы автокөлікті байқап, тоқтатады.

Жүргізуші тоқтағанымен, полицей сұраған автокөлікке тиесілі құжаттарын беруден бас тартып, ақша бермек болады.

Яғни, өзінің әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біле тұра, оны болдырмау мақсатында патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне пара ұсынады.

Қазіргі уақытта жүргізушінің тәртіп сақшысына пара бермек болғаны үшін ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігі «пара беру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ал, жол ережесін бұзғаны үшін жүргізушіге ҚР ӘҚБтК 601-бабымен хаттама толтырылды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын тағы да ескертеді.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жүргізушілерді және басқа да жол қозғалысына қатысушыларды ЖҚЕ қатаң сақтауға шақырады: жылдамдық режимін және маневр жасау ережелерін бұзбауға, қарсы қозғалыс жолағына шықпауға, қашықтықты сақтауға және ең бастысы, мас күйде көлік басқармауға кеңес береді.


Соңғы жаңалықтар