Түркістанда Айдар Сейдәзімнің «Жапырақ ғұмыр» кітабы таныстырылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да талантты ақын Айдар Сейдәзімнің «Жапырақ ғұмыр» кітабының таныстырылымы өтті. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен әдеби кешке белгілі қаламгерлер мен БАҚ өкілдері және әдебиет сүйер қауым қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығармашылық кеште А.Сейдәзімнің жырлары оқылып, өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, танымал ақын Қасымхан Бегманов өз сөзінде Айдар Сейдәзімнің өлеңдерінде жылылық, мейірім, қазақы болмыс бар екеніне тоқталды. Автордың шығармашылығын жоғары бағалады. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев кеш иесінің азаматтық болмысы мен поэзиясы биік екенін атап өтіп, ақынның Түркістанның руханиятына сүбелі үлес қосып жүргенін айтты. Рухани кеште әдебиет жанашыры, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ қызметкері Әдеміау Толысбаева ақынның поэзиясы туралы зерттеуін ортаға салды. Сонымен қатар Бекжігіт Сердәлі, Ғалымжан Елшібай, Бауыржан Бердімұратов сынды азаматтар мен өзге де әдебиетсүйер қауым жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Әсерлі кешке жиналған қауым кітап авторының талантына ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Партия филиалы тарапынан алдағы уақытта да шығармашылық өкілдеріне қолдау көрсету жалғасын таппақ.

Соңғы жаңалықтар