Түркістан облысының жедел жәрдем қызметі 77 көлікпен толықты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының медициналық жедел жәрдем стансасына 77 санитарлық көлік берілді. Салтанатты рәсімге арнайы қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, отандық өндірістегі жедел жәрдем көліктерінің жасақталуымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус індетімен күрес мақсатында елде медицина саласына үлкен көңіл бөлініп жатыр. Барлық елді мекенде осындай жаңару бар. Жаңа көліктер ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттырып, жедел жәрдем паркін жаңартуға мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда, сіздердің ерен еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіргім келіп отыр. Еңбектеріңіз халыққа денсаулық, қуаныш сыйлап, табысты болсын»,-деді Өмірзақ Шөкеев.

Өңірдегі жедел жәрдем көліктері науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген.

Мамандандырылған реанимациялық емдік шараларын көрсетуге мүмкіндік беретін автокөліктер портативті өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор, электрокардиограф, реанимациялық көмек көрсетуге арналған чемодан, жылжымалы зембіл, пульсоксиметр, редуктор-ингалятор және электрсорғыштармен жасақталған.

Жыл соңына дейін қосымша 45 дана санитарлық автокөлікпен жабдықтау көзделген.

Жалпы, күн сайын облыстық жедел жәрдем стансасының 124 бригадасы шақыртуға шығады. Тәулігіне орташа есеппен 2000-ға жуық қоңырау түсуде.

Келесі жылы бригада санын 150-ге дейін арттырып, медициналық жедел жәрдем қызметін одан әрі жетілдіру жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар