Түркістан облысының тұрғыны өзен бойынан 4 граната тауып алды
Балық аулауға барған келестік тұрғын тауып алған жарылғыш заттарды қайда жасырарын білмепті. Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды полицейлер сатып алып жатқанын есіткен соң, бірден бөлімге алып келген. Сондай-ақ, өткізген гранаталарға сыйақы беруін сұрапты. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, 25 сәуірден бастап Түркістан облысы аумағында заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция өтуде. Сондай-ақ, заңсыз қару сатумен айналысатын адамдар мен қылмыстық топтарды ұстау, қару сақтау талаптарының орындалуын тексеру жүргізілуде.
Акцияның 19 тәулігінде облыс көлемінде 112 азаматтан 167 дана отты атыс қару алынған. Оның ішінде 23 ойық ұңғылы, 137 дана тегіс ұңғылы және 7 шолақ мылтық бар.