Түркістан облысының тұрғыны ара ұяларына арналған арбада марихуана сақтаған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтаумен және сатумен айналысқан күдікті ер адамды ұстады. Бұл туралы бүгін брифингіде облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізге Сайрам ауданында белгісіз біреу есірткіні сақтаумен, тасымалдаумен және өткізумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түсті. Аталған жайтты ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі «есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу« бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркедік.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті қолға түсті. Ұсталған ер азаматтың үйі мен ауласын тінту кезінде есірткі заты бар 1 қап пен полиэтилен пакетін таптық. Белгілі болғандай, ер адам есірткіні ара ұяларын тасымалдауға арналған арбада сақтаған. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 20 келіге жуық марихуана болып шықты», - деді Қ. Сахов.

Қазіргі кезде күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалған. Бүгінде облысқа есірткі заттарын жеткізу арналары анықталуда.

Айта кетейік, жыл басынан бері полицейлер заңсыз айналымнан 5 тоннадан астам есірткі заттарын тәркілеп, 55 есірткі сатушыны ұстады. Сондай-ақ ірі көлемде есірткіні сақтаудың 25 жайтын анықтаған.


Соңғы жаңалықтар