Түркістан облысының Келес ауданы ауызсуға қол жеткізді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Түркістан облысының Келес ауданында 7 нысан пайдалануға берілді. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Бозай ауылдық округінің Тентексай елді мекеніне су құбырлары тартылып, жергілікті халық таза ауызсуға қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тентексай ауылы тұрғындарының қуанышты сәтімен бөлісуге келген аудан әкімі Ақментай Есбаев келе жатқан мерекемен құттықтап, су станциясының ашылу салтанатының лентасын қиды. Жұртшылыққа жылы лебізін білдіріп, ұлық мерекенің маңыздылығына тоқталды.

«Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы ел экономикасының әлсіз тұсынан, бүгінгі таңдағы мүмкіндіктер жүйесіне жеткізген Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегін ел жоғары бағалайтыны хақ. Елдегі жүйелі жұмыстардың арқасында 625 халық пен 85 үй қоныстанған Тентексай елді мекені де сапалы ауызсумен қамтылды. Одан бөлек, мұнда халыққа қызмет көрсету үшін арнайы медициналық пункт, білім ошағы, сонымен қатар мешіт орналасқан. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға жүйелі жұмыстар атқарылатын болады», - деді Ақментай Есбаев.

Бұл күні аудан басшысы сондай-ақ, Бозай ауылдық округі әкімшілік ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Биылғы жылы аудан әкімінің бастамасымен құрылысы басталған ғимарат мереке қарсаңында пайдалануға беріліп отыр. Басты мақсат - ауылдық округте істейтін мамандарға жағдай жасап, сол арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру жолындағы тапсырмаларды мүлтіксіз орындауды талап ету болмақ. «Биылғы жылдың өзінде аудан бойынша 7 ауылдық округтің ғимарттары жөндеуден өтті. Оған қоса, келесі жылдың басынан әр ауылдық округтің қызметкерлерін жаңа компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланған. Сол арқылы халыққа мүлтіксіз қызмет көрсетуге мүмкіндіктер туатын болады», - деді Келес ауданының әкімі. Бұдан бөлек, аудандағы Ошақты ауылдық округінің 3 елді мекеніне жоғары кернеулі электр бағаналары орнатылып, қуаттылығы артты. Енді Сарыжылға, Бақшысай және Жиделі елді мекендерінің тұрғындары электр жарығын тоқтаусыз әрі қажетті көлемде пайдаланатын болады. Ал, Ұшқын ауылдық округінде Қоралас және Достық елді мекендерінде ауыз су берілді. Бұған дейін тіршілік нәрін тасып ішкен халық облыс басшылары мен аудан әкіміне зор ризашылықтарын білдірді.

Соңғы жаңалықтар