Түркістан облысының кеден бекеттерінде 64 млн теңгенің заңсыз тауарлары тәркіленді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының кеден бекеттерінде соңғы бір айда 64 миллион теңгенің заңсыз тауары тәркіленген. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған фактілер бойынша «Экономикалық контрабанда» бабымен бірнеше қылмыстық іс қозғалған.

Департамент қызметкерлері кезекті тексеру кезінде «Сарыағаш» стансасында теміржол вагонынан жеңіл автокөліктерге арналған 954 дана шинаны анықтаған. Олардың жалпы құны - 34 млн теңгеден астам. Ал тауардың кедендік құжаттары болмай шыққан.

Сондай-ақ ведомство қызметкерлері 30 млн теңгенің тауарын алып өту әрекетінің жолын кескен. Департамент қызметкерлері Қытайдан келген вагоннан салмағы 12,5 тонна декларацияланбаған халықтық тұтыну тауарын тапқан. Шетелдік кәсіпкерлер кедендік шекара арқылы құжаттарын рәсімдемей, тауарларын заңсыз алып өтпек болған. Жүктердің арасында автокөліктерге арналған 40 шина мен 220 дана электронды сорғы, 40 резеңке камера мен тігін машиналарына арналған 36 дана электронды моторлар бар. Сондай-ақ 10 975 дана жарықтандырғыш құрылғы мен 47 400 дана тоқыма бұйымдар болған.

«Барлық деректер бойынша жиналған материалдар қылмыстық іс қозғау үшін Түркістан облысының Экономикалық тергеу департаментіне өткізілді», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар