Түркістан облысының ауруханалары жедел жәрдем көлігімен және жабдықтармен толықты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысындағы медициналық мекемелер қажетті жабдықтармен және жедел жәрдем көлігімен толықты. Бұл шаралардың барлығы өңірдегі жұқпалы аурулармен, соның ішінде COVID-19 коронавирус инфекциясымен күреске пайдаланылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірге 5 оттегі концентраторы, 50 пульсоксиметр жеткізілді. Сондай-ақ, Shevrolet Damas маркалы 8 жедел жәрдем көлігі келді.

Бұған дейін де аймақтағы ауруханаларға пульсоксиметрлер және оттегі концентраторлары бар гуманитарлық жүк келген болатын. Бұл көмек «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында көрсетіліп отыр.

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қайырымдылығының бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қажетті жабдықтарды сатып алып, оларды өңірлерге жіберген еді.

«Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына «Самұрық-Қазына» АҚ-мен жедел жәрдем көлігі мен медициналық құрал-жабдықтар берілді. Біздің еліміздегі пандемияға байланысты қиын кезеңдерде көрсетілген қолдау үшін алғыс айтқым келеді. Осындай қолдау арқылы біз вируспен күресті одан әрі жалғастырамыз», - деді Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Елдос Сұлтанов.

Айта кетейік, мұндай жиынтықтарды әр облыс, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар алып отыр.

«Бұл шаралардың барлығы біздің медицинамыздың жұқпалы аурулармен, соның ішінде COVID-19 коронавирустық инфекциямен күресуге дайындық деңгейін арттыруға және ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Еске сала кетейік, аталған меморандум аясында еліміздің денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыруға 100 жедел жәрдем көлігі мен 1 000 оттегі концентраторы, 50 ӨЖЖ аппараты мен 1 000 пульсоксиметр жеткізілмек.


Соңғы жаңалықтар