Түркістан облысының 177 ауылында электронды құжат айналымы енгізіледі

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Биыл Түркістан облысында түрлі салаларды цифрландыру мақсатында 29 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Өткен жылы облыс көлемінде цифрландыру саласы бойынша 17 жоба іске қосылған болатын. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың соңына дейін 177 ауылдық округте электрондық құжат айналым жүйесі енгізілмек. Бұған қосымша қаражат талап етілмейді.

«Облыста мектепте оқитын оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Қазақтелеком» АҚ арқылы Түркістан және Арыс қалаларының 11 мектебінде бейнекамералар орнатылып, «қауіпсіз-мектеп» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Арыс қаласында 6 мектепке 135 бейнекамера, Түркістан қаласында 6 мектепке 162-сі орнатылды. Бұдан басқа, Түркістан қаласындағы №13 Науаи атындағы мектепке демеуші есебінен бір IT-сынып және бір STEM-панель қойылды. Түркістан қаласындағы №27 мектепте турникет орнатылып, оқушыларға арнайы идентификациялық карточкалар таратылды. Сондай-ақ, «Е-кітапхана» жүйесі пилоттық жоба енгізілуде», - деді Елнұр Өтебаев.

Басқарманың ұйымдастыруымен биыл Түркістан және Кентау қалаларының 3-D модельдері құрылады және аэрофотосъемка жұмыстары толық аяқталмақ. Бұдан бөлек, қосымша салық түсімдерін арттыру мақсатында, цифрландыру құрылғыларының көмегімен арнайы алгоритм дайындалған.

«Біздің есебіміз бойынша облыс бюджетіне қосымша 2 млрд теңгеден астам салық түсіруге мүмкіндік бар және бұл облыстың салық базасын толтыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарында ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерге космо-мониторинг жұмыстары да жүргізілді», - деді басқарма басшысы.

Бүгінгі таңда облыста 838 елді мекен бар. Оның ішінде 101 елді мекенде ұялы байланыс мүлдем жоқ. Аталған мәселе бойынша облыстық Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы салалық Цифрлық даму министрлігімен тиісті жұмыстар жүргізіп, «Билайн» байланыс операторы жыл соңына дейін 82 елді мекенге ұялы байланыс арнасын енгізбек.

Өткен жылы басқармамен қосымша 33 жаңа мемлекеттік қызметтер автоматтандырылған. Нәтижесінде облыстағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 91,2%-ы электронды жүйеге еніп отыр.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі


Соңғы жаңалықтар