Түркістан облысындағы қоғамдық қабылдауда айтылған мәселелер шешімін тапты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Nur Otan партиясының «Open Space» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде 10-нан астам тұрғынның өтініші тыңдалды. «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезе« жобасы аясында халықты партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қабылдауға келген кентаулық Азамат Абдуваитов атаулы әлеуметтік көмекті толық ала алмай жүргеніне шағымданды. Бұл тұрғынның мәселесі партия бақылауына алынып, Кентаудағы жауапты бөлім басшысына тапсырылды. Шағымданушының жағдайы туралы айтылып, мәселе шешілетін болды. Ал, түркістандық Дастан Ысқақов медициналық мекемеден өзіне тиесілі дәрі-дәрмек ала алмай жүргенін және мүгедек қоларбасының талапқа сай еместігін айтып арызданды. Тұрғынның өтінішін мұқият тыңдаған Бейсенбай Дәулетұлы сол мезетте демеушілер арқылы қоларба мәселесін шешіп берді. Сонымен бірге дәрі-дәрмек алу мәселесі де бақылауда болады. Тұрғын партияның қабылдау бөлмесінде Түркістан қаласындағы медицинаға жауапты өкілдермен кездесіп, түйткілдің түйінін тарқатуға мүмкіндік алды. Облыс орталығының тағы бір тұрғыны Нұрлан Өтегенов та қоларбаның сапасыз әрі қолайсыздығын айта келді. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары бұл тұрғынға демеушілер арқылы қоларба алып беретін болды. Қос тұрғын да жанашырлық танытқан азаматқа алғысын айтты. Бейсенбай Тәжібаев осы деректерден мүгедектер арбасының сапасын бақылау керек екенін назарына алды.

Қоғамық қабылдауға келген тағы бір келіншек үш қызды жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын жеткізді. Түркістандық Мөлдір Сәрсенбаева әлеуметтік жағдайы төменін, тіпті дүниеге жақында келген қызына жөргекпұл мен жәрдемақысын ала алмай отырғанын айтып шағымданды.

Себебі, құжат рәсімдеуде қиындыққа тап болған. Оның үстіне жол ережесін бұзғаны үшін кішігірім әкімшілік айыппұлы да бар болып шықты. Пәтер жалдап тұратын әйел темір-терсек жинап күн көретінін айтты. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары жалғызбасты анаға тиісті көмек көрсетілетінін, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тиісті жеңілдігін алатынын жеткізді.

Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жауапты өкіліне бұл азаматшаға заң аясында көмектесу, комиссия арқылы тексеруді тапсырды.

«Қамқорлық» бағдарламасына енгізу жөнінде ұсыныс білдіріп, көмек сұрай келген ананың әкімшілік айыппұлы мәселесін сол сәтте шешіп берді. Жөргекпұлын және тиісті грантын алып, кәсіппен шұғылдануына жағдай жасалатынын тілге тиек етті. Бұл бағытта жұмыс жүргізіледі ден сендірді. Осылайша партияның қоғамдық қабылдауына келген тұрғындардың мәселесі өз шешімін тапты.


Соңғы жаңалықтар