Түркістан облысындағы инвестиция көлемі 260 млрд теңгеге жетті
Иса Құдабековтың айтуынша, ағымдағы жылы өңірдің негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 28%-ға өскен. Аталған соманың 41,5%-н жеке инвестициялар құрап отыр.
«Өңірде Түркістан облысының 2020-2024 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы құрылған. Мұның аясында 1,8 трлн теңге сомаға 201 жоба қолға алынды. Бүгінгі күні 2020 жылғы жобалардан 31,5 млрд теңге сомасына 9 жоба іске қосылып, 407 жұмыс орны құрылды. Ал шетелдің қатысуымен 25,8 млрд теңге сомасына 2 жоба жүзеге асырылып, 160 жұмыс орны ашылды», - деді басқарма басшысы.
Айта кетерлігі, аймақта облыс әкімінің басшылығымен стратегиялық сипаттағы инвесторлардың мәселелерін қарайтын инвестициялар тарту жөніндегі өңірлік кеңес жұмыс істейді. Сондай-ақ, облыста инвестициялар тарту және экспортты дамыту жөніндегі «Turkistan Invest» өңірлік агенттігі бар. Ол инвесторлар үшін фронт-офис қызметін атқарады және «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсетеді. Жыл басынан бері 9 жоба «Turkistan Invest» агенттігінің тікелей сүйемелдеуімен іске қосылған.