Түркістан облысында жол саласын дамытуға 20 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында 1,5 мың шақырымнан астам жол мен көшелерде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ауқымды жұмыстарға биыл да 20 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып, жалғасын табатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 81,4%-ға арттыру көзделіп отыр.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен жиында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысы баяндалды. Бүгінде өңірде автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерінің ұзындығы 17 637 шақырымды құрайды.

Өткен жылы автомобиль жолдарын дамытуға бюджеттен 54,8 млрд теңге бөлінген. Облыс жолдары жайлы баяндаған жауапты басқарма басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша, биыл жол саласын дамытуға бюджеттен 19,9 млрд теңге қаралуда. 156 нысан немесе 538 шақырым жолдар мен елді мекен көшелері қамтылады деп жоспарланған.

Биыл Түркістан қаласындағы әуежайға баратын автомобиль жолын, Түркістан-Кентау, Түркістан-Балтакөл, Кентау-Ащысай, Шымкент-Ақсукент, Ақсукент-Қарамұрт, Шымкент-Сайрам, Шарапхана-Жаңабазар бағыттарындағы жолдар пайдалануға берілмек. Бұдан өзге, Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандарындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңарту жұмыстарын аяқтау көзделуде.

Сәуір айында Түркістан қаласындағы жаңадан салынған әуежайға баратын 16,3 шақырым жол пайдалануға беріледі. Түркістан-Кентау бағытындағы ұзындығы 19 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде аяқжол, веложол, жарықтандыру қарастырылған. Бұдан басқа Түркістан қаласына Кентау қаласынан кіреберіс 26,6 шақырым жолды жөндеу жұмыстары басталған.

Түркістан-Балтакөл, Түркістан-Қарнақ-Кентау, Кентау-Ащысай бағыттарындағы 113,2 шақырым автомобиль жолдары күрделі және орташа жөндеуден өткізілуде. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Шардара-Темірлан бағытындағы жалпы ұзындығы 162,6 шақырым жолдарға күрделі және орташа жөндеуден өткізілуде. Шымкент-Ақсукент, Ақсукент-Қарамұрт, Шымкент-Көксәйек бағыттарындағы 50 шақырымнан асатын күре жолдар жөндеуден өткізілуде. Жыл соңына дейін жұмыстар толық аяқталып, халық игілігіне берілмек.

Ал, Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандары аумағында ұзындығы 50 шақырымға жуық жолдар жөнделуде. Одан бөлек, осы ауданда жалпы ұзындығы 184,6 шақырымды құрайтын 11 облыстық маңызы бар автомобиль жолдары жаңартылып жатыр.

Бұл жолдар қыркүйек айында пайдалануға берілмек.


Соңғы жаңалықтар