Түркістан облысында жемқорлық туралы хабарлағандарға 1,5 млн теңге сыйақы берілген

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған 9 тұлғаға 1,5 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мирас Қарғабайдың айтуынша, өңірде 1424 Call орталығына 73 азамат осы мәселеге қатысты шағым түсірген. 7 тұлғаның заңсыз әрекеті үшін қылмыстық іс қозғалған. Ағымдағы жылдың 8 айында Департаменттің Тергеу басқарамасының қарауында 288 қылмыстық іс болса, оның 169-ы Агенттіктің Түркістан облыстық департаментімен тіркелген. Сондай-ақ, өндірісте болған істердің 184-і аяқталып, оның 42-сі сотқа жолданған.

«Жыл басынан бері сотқа 75 ұсыныс жолданып, оның 64-і қаралды. Нәтижесінде 44 лауазымды тұлға түрлі деңгейдегі тәртіптік жауапкершіліктерге тартылған. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне жалпы 133 қылмыс тіркелсе, оның 99-ы сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жатады. Бұл көрсеткішке сәйкес өткен жылмен салыстырғанда қылмыс санының өскенін байқауға болады», – деді М.Қарғабай.

Айта кетейік, департамент мамандары өткен жылы бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша 59 қылмысты анықтаған. Бұл қылмыстардың негізінде мемлекетке келтірілген залалдың жалпы құны 830,7 млн тенгені құрап, оның 822,9 млн теңгесі мемлекет есебіне қайтарылған.


Соңғы жаңалықтар