Түркістан облысында вакцина салатын 80 орын ұйымдастырылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жаппай вакцинация басталды. Осы орайда, коронавирусқа қарсы вакцина салдыру пункттерінің саны артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Тұркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін облыс бойынша 50 медицина мекемесінде инфекцияға қарсы вакцинация жұмыстары жүргізіліп келсе, қазір вакцина егу орындарының саны 80-нен асты. Ал, Түркістан қаласында 1-ден 10-ға дейін көбейді. Егу орындары барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілген және санитарлық талаптарға сәйкес келеді.

Өңірге тағы 10 мың доза СПУТНИК-V вакцинасы жеткізілді. Қатерлі вирусқа қарсы екпені 24 мыңға жуық адам қабылдады. Оның 14 538 медицина қызметкері болса, 6700 педагог пен 621-і полиция қызметкері. Бұдан бөлек өзге топтағылар – 668. Облыста 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен (ревакцинация) 10 415 адам вакцина салдырды. Екінші рет медицина мамандары 8496, мұғалімдер 1465 болса, құқық қорғау органдарының өкілдері 347, өзгелері 29.


Соңғы тәулікте Түркістан облысында 23 адамнан COVID-19 вирусы анықталды. Тәуліктік өсім 0,49 % құрайды. Жалпы облыста пандемия белең алағалы 592 374 ПТР- сынамалары алынған. Ал, соңғы тәулікте зертханаларда 3233 адам тексерілді. Жұқпалы аурулар ауруханасында барлығы 610 орын бар, олардың 357-сі бос.

Түркістан облысына қарасты вакцина сақтайтын қоймаға көлемі 601 литр құрайтын 2 мұздатқыш жеткізілді. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен көлемі 143 литр құрайтын 20 мұздатқыш жеткізілді. Вакцинация жүргізуге арналған 65 пункттер толық тоңазытқышпен жабдықталған. Бұдан бөлек, вакцинаны тасымалдайтын көлемі 50 литр құрайтын 38 термоконтейнер бар.


Соңғы жаңалықтар