Түркістан облысында үш күнде 21 мас жүргізуші ұсталды

None
None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат - Түркістан облысында рульге мас халде отырған 21 жүргізуші ұсталды.

Өңірдің тәртіп сақшылары үш күн бойы жүргізілген «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылап, 3715 жол қозғалысы ережесін бұзу жайтын тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған шараға патрульдік полицияның 500-ден астам қызметкері мен учаскелік инспекторы, басқа да мүдделі органдардың өкілдері қатысты.

Полицейлер шара барысында көлік құралын мас күйде басқару, жылдамдықты шектен тыс арттыру, маневр жасау ережесін бұзу, қарсы бағытқа шығу, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту кезінде тәртіп сақтамау, техникалық тексруден уақытында өту сияқты құқықбұзушылықтарға ерекше назар аударды.

Рейд барысында жол ережесін өрескел бұзған 122 қоғамдық көлік жүргізушісі анықталды. Сонымен қатар, мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, автокөліктері айып тұрағына қойылды. Жылдамдықты шектен тыс асырған 92 жүргізуші мен жолдың қарсы бетіне шыққан 18 тұрғынға хаттама толтырылды. Бұдан өзге, маневр жасау ережесін бұзған - 80, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өткен - 52, авариялық жағдай жасаған 17 және теміржол өткелдерінен өту ережелерін бұзған 10 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. 628 адам жол қозғалысы ережесін бұзып, қауіпсіздік белдігін тақпағаны, 235 адам көлік басқару кезінде ұялы телефондарын пайдаланғаны үшін айыппұл төлейтін болды.

Көлік құралын басқару құқығы жоқ 366 жүргізушіге және жаяу жүргіншілерді өткізбей қойған 71 жүргізушіге тиісті шара қолданылды.

Рейд барысында тәртіп сақшылары автокөлікті заңсыз қайта жабдықтаудың 27 жағдайын, жалған нөмір тағып жүрудің 2 фактісін, қоғамдық көлік жүргізушілерінің медициналық тексеруден өтпей рейске шығуының 7 фактісін тіркеп, техникалық байқаудан өтпеген 138 жүргізушіні анықтады.

Белгіленбеген жерде жолды кесіп өткені үшін 671 жаяу жүргінші әкімшілік жауапқа тартылды.

Полицейлер айып тұрағына барлығы 141 көлік құралын қойып, жол ережесін бұзған 15 мемлекеттік нөмірді алды. Шара соңында жол қозғалысы ережелерін міндетті түрде сақтау туралы 1000-ға тарта жадынамалар мен парақшалар таратылды.


Соңғы жаңалықтар