Түркістан облысында ҰБТ-ға 18,6 мың түлек қатысады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында ҰБТ-ға 18 634 түлек қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының басшылығы ұйымдастырған тікелей эфир кезінде сұхбат берген Рақымбек Жолаев 2019-2020 оқу жылын қорытындылап, білім саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Оның сөзінше, пандемия қаупіне байланысты биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде сақтық күшейтіледі.

«Ұлттық бірыңғай тестілеу өңірде 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Әр аудиториядағы тестілеуге қатысушылар саны 2 есеге азаяды. Сонымен бірге 3-4 маусым күндері санитарлық талаптарды сақтай отырып, түлектер үшін мектеппен қоштасу салтанатты іс-шараларын өткізуді жоспарлап отырмыз. Мектептің ауласында қысқа ғана уақытқа созылатын жиынға сынып жетекшісі мен бірнеше ұстаз және саны шектеулі ата-ана ғана қатыстырылады. Қатысушылар түгел маска киіп, ара қашықтықты сақтауы тиіс. Түлектердің өміріндегі ерекше сәтке арналған іс-шара өтуі тиіс ойлаймын», – деді басқарма басшысы.

Рақымбек Жолаевтың айтуынша, өңірде 11 сыныпты 24 658 оқушы бітірген. Коронавирус пандемиясына байланысты ҰБТ-ға өтініш беру рәсімі онлайн және дәстүрлі түрде жүргізілген. Облыс бойынша тестілеуге түлектердің 75,5 пайызы өтініш білдірген. Олардың тест тапсыруына арналған 15 пункт әзірленген. Шалғай ауылдарда тұратын 11 200 оқушыны ҰБТ өткізу орындарына тасымалдау үшін тиісті қаржы бөлінген.

Облыста көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін мемлекет тарапынан қосымша грант қарастырылады.

Басқарма басшысы облыс аумағын кең жолақты интернетпен толық қамтамасыз ету бағытында жұмыстар басталғанын, егер пандемия жалғасқан жағдайда әрбір ата-ана балаларын қажетті құрылғы – смартфон, планшет, ноутбукпен қамтамасыз етуге күш салуы керектігін атап өтті.

«Біз 1 қыркүйекте дәстүрлі оқу жүйесіне көшіп, оқу жылын мектептерде қарсы алуға үміттеніп отырмыз. Карантин тоқтаса, оқушыларымызды жазғы сауықтыру лагеріне жіберуге де дайынбыз. Демалыс орындары сақадай-сай. Бірақ қауіпті індеттің таралуы тоқтамаса, қашықтықтан оқытуға мәжбүр боламыз», - деді Р.Жолаев.

Соңғы жаңалықтар