Түркістан облысында түрлі этнос өкілдері арасында спартакиада өтті

None
None
САЙРАМ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Сайрам ауданындағы орталық спорт алаңында этномәдени бірлестіктер арасында спартакиада өтті. Облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған жарысқа қатысушылар спорттың бес түрінен сынға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан халқының бірлігін сақтау мен этностар достығын арттыруды мақсат еткен спартакиадаға Түркістан, Сайрам, Төлеби, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарының этномәдени бірлестік өкілдері мен облыстық күрді, қырғыз, иран, өзбек этномәдени бірлестіктерден командалар қатысты. Спорттық доданың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, төрағасының орынбасары Ғани Рысбеков сайысты ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Түрлі этнос өкілдерін бір алаңда жинап, спорттағы бақтарын сынау мүмкіншілігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ шара ұлттар арасындағы татулық пен тұрақтылықты бекемдеп, ынтымақты арттыруға сеп болып отырғанын жеткізді.

Жарысқа қатысушылар спорттың шахмат, кіші футбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика мен волейбол түрінен сайысты. Таңнан басталған спорт додасында аяқ доп шеберлері мен теңбіл доптың мықтылары жанкүйерлердің қызу қолдауына бөленді. Жеңіс тұғырына ұмтылған жүйріктер тартысты ойын өрнегін көрсетіп, олардың шеберлігін әділ төрешілер бағалады.

Сонымен, спартакиада қорытындысы бойынша барлық спорт түрінен алға шығып, алғырлықтарымен көзге түскен Сайрам ауданының командалары бас жүлденің биігінен көрінді. Бірінші орынның тұғырын облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің спортшылары бағындырды. Ал, жүлделі ІІ орынға Мақтаарал ауданы тұрақтаса, ІІІ орын төлебиліктерге бұйырды. Сондай-ақ, жеңімпаз атанған командалар ақшалай сыйлықтармен, кубоктармен және сәйкес дәрежедегі дипломдармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар