Түркістан облысында төтенше жағдайдың алдын алу картасы жасалды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында төтенше жағдайдың алдын алу картасы жасалған. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев кезекті есеп беру жиынында айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел алдында есеп берген аймақ басшысы жаһан жұртын құрсауына түсірген пандемия кезінде орын алған Мақтаарал оқиғасын еске алды.

«Басына қиын іс түскен бірде-бір адам қамқорлықсыз қалмады. Бұл халқымыздың біртұтас ел екендігін дәлелдеді. «Бірлігі бекем ел, бәрін жеңеді» демекші, апаттың салдарын жоюға бүкіл республика атсалысты. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Қасым-Жомарт Кемелұлының қатаң бақылауында болды. Ауқымды жұмыстардың нәтижесінде аудандағы елді мекендер одан әрі көркейіп, жаңа қоныс кейпіне айналды. Мақтаарал ауданындағы қазіргі жағдай тұрақты»,-деді Өмірзақ Шөкеев.

Соңғы жылдары орын алған апатты жағдайларды негізге ала отырып, Түркістан облысында төтенше жағдайдың алдын алу бойынша Антикризистік карта жасалған.

«Біз Арыс, Мақтаарал ауданындағы техногендік, Төлеби ауданындағы табиғи су тасқыны кезіндегі атқарылған жұмыстардан мол тәжірибе жинадық. «Апат айтып келмейді», дегенмен, төтенше жағдайдың алдын алу үшін Штаб құрылады. Онда кіретін барлық салалық қызметтер «Алтын сағат» ережесіне сәйкес жұмыс жүргізуі қажет. Дағдарысқа қарсы карта шеңберінде төтенше жағдаймен күрес алгоритмі бекітілген. Барлық аудан, қала әкімдері алгоритммен жіті танысып, нұсқаулық арқылы жұмыс істеуі қажет», деді өңір басшысы.

Облыс әкімдігі жанынан құрылған Ситуациялық орталық пен облыстық ТЖД бірлесе отырып жасаған картаға сәйкес, облыс аумағында 200-ден аса орын алуы ықтимал төтенше жағдай сипатталған.


Соңғы жаңалықтар