Түркістан облысында террористік тұрғыдан осал нысандар анықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында террористік тұрғыдан осал нысандар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қаулыға сәйкес террористік тұрғыдан осал нысандарға: аса маңызды мемлекеттік объектілер, стратегиялық, қауіпті өндірістік объектілер және денсаулық сақтау, білім беру ұйымдары, спорт мекемелері, теміржол вокзалдары, қоғамдық тамақтану объектілері, қонақүйлер, демалыс орындары және өзгелері жатады. Полицейлер бұл нысандардың бейнебақылау, күзет, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету жүйелеріне, бақылау-өткізу шараларына тексеру жүргізеді.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері 1157 нысан тексерілді. Нәтижесінде, 64-інде инженерлік-техникалық жүйелерде кемшіліктер табылды.

«Тәртіп бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-ның 149-бабы (»Терроризм үшін осал объектінің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және тиісті қауіпсіздік деңгейін сақтау жөніндегі міндеттерді орындамау және (немесе) тиісінше орындамау«) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот террористік тұрғыда осал 40 нысанның иелері мен басшыларын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 17 млн теңгені құрады», - делінген ақпаратта.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 149-бабы нысан басшылығына 100-500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуды көздейді.

Соңғы жаңалықтар