Түркістан облысында соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден беріледі

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлер 1 млн теңгеден алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңір әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Түркістан облысында қазіргі уақытта Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 28 ардагер тұрады.

«Жеңістің 76 жылдығын мерекелеуге байланысты олардың әрқайсысы 1 млн теңге көлемінде біржолғы төлем алады. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген 214 тұлғаға біржолғы материалдық төлем қарастырылған», - деді әкімдіктен.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша 6808 ардагерге Жеңіс мерекесінің құрметіне бірреттік материалдық көмек төлеу үшін аудандық, қалалық бюджет есебінен 233,2 млн теңге қаржы бөлінген.

Майдангерлер тиісті көмекті 4 мамырға дейін толық алатын болады. Оның ішінде:

- Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 28 азаматқа және соғыс мүгедектеріне – 1 млн теңгеден;

- 6722 тыл еңбеккері мен қаза болған жауынгерлердің жесірлеріне – 30 000 теңгеден;

- блокадалық Ленинградтың 55 тұрғынына, соғыста қайтыс болғандардың жесірлеріне – 60 000 теңгеден;

- тұтқында болған кезде кәмелетке толмаған 3 азаматқа, соғыс қатысушыларына теңестірілген басқа да санаттарға – 100 000 теңгеден белгіленді.

«Сонымен қатар, Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, құттықтау шаралары жүргізіледі. Ардагерлер ұйымдарының төрағаларымен бірлесіп өткізілетін шара барысында карантин талаптары қатаң сақталады. Онда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атынан ардагерлерге құттықтау тілегі жеткізіліп, сый-құрмет көрсетіледі», - деп қосты ведомстводан.

Бүгінде Түркістан облысында соғыс ардагерлері тұрғын үймен толық қамтамасыз етілген. Сауықтыру шараларын жүргізу мақсатында 28 майдангер үйлерінде қажетті медициналық қызметті алды. Диспансерлік тексеруден өткізілді.

«Сондай-ақ жыл сайын облыстың тарихи және мәдени ескерткіштерінің техникалық жағдайына мониторинг жүргізіліп, тиісінше жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Облыс бойынша 315 ескерткіш, 78 мемориал, монументтік кешен бар. Бүгінгі таңда олардың бірқатары жаңартылуда.

Жыл сайын аға ұрпақ өкілдерін сауықтыру мақсатында 7,8 мың жекелеген санаттағы азаматтар демалып, емделеді (Ардагерлер үйінде – 4000 адам, «Мейір» ардагерлер үйінде - соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, зейнеткерлер, барлығы 3800 адам)», - деді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар