Түркістан облысында шаруаларға тыңайтқыш арзан бағамен беріледі

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы шаруаларға тыңайтқыш арзандатылған бағамен берілетін болды. Бұл туралы айматағы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері селитраның бағасы тоннасына 73 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін бір-ақ көтерілген. Яғни, баға екі жарым есеге өскен. Ал, көрші елдерден келетін тыңайтқыштар одан да қымбат. Тоннасы 360 мың теңге тұрады. Салдарынан диқандар көктемгі дала жұмыстарын бастай алмай отыр.

«Біз осы мәселені қайта-қайта көтерудің нәтижесінде тыңайтқыштың құнын 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін түсірдік. Яғни, тауарөндірушілерге қазіргі таңда 160 мың теңгеден босатылып жатыр. Егер толыққанды төлеп алған жағдайда, осының 80 мың теңгесі, яғни 50 пайызы тауарөндірушілерге мемлекет қазынасынан төленеді. Жартылай төлеген жағдайда өндіруші зауыттарға 50 пайызы төленетін болады», - дейді Нұрбек Бадырақов.

Өңірде сондай-ақ, жеңілдетілген жанар жағармай тарату жұмыстары да басталған. Арнайы операторлар белгіленіп, литрі 195 теңгеден сатылуда деп атап өтті басқарма басшысы. Бұл нарықтағы бағадан 30-35 теңгеге арзан.

«Қазіргі таңда субсидияны төлеу нормативі Әділет министрлігінде тіркеуде тұр. Ол алдағы күндері шығады. Бекітіліп шыққан соң, субсидия төлеуді бастаймыз», - деді Нұрбек Бадырақов.


Соңғы жаңалықтар