Түркістан облысында шаруаларға карантинде қолдау көрсету үшін 80 млрд теңге бөлінбек

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысындағы шаруаларға карантин кезінде қолдау көрсету үшін 80 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Бүгін бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының сөзінше, өңірде кәсіпкерлікті қолдау арқылы экономиканы тұрақтандыру шаралары негізінен үш бағытта жүргізілуде. Атап айтқанда, жеңілдетілген қаржыландыру, салықтық жеңілдіктер, несиелік ынталандыру түріндегі қолдаулар.

«Кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландыру қолжетімділігін арттыру мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қаржыландыру көлемі Республика бойынша 1 трлн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда Түркістан облысы бағдарламаны жүзеге асыру бойынша республикада көшмбастап тұр. Мәселен, бағдарлама шеңберінде 50 млрд. теңгені құрайтын 446 әлеуетті жоба бар. Оның ішінде 27,8 млрд теңгені құрайтын 274 жоба қаржы институттары тарапынан мақұлданып, қаржыландырылуда», – деді Н.Иманқұлов.

Сондай-ақ, сала басшылығы кәсіпкерлердің өндірістік қуатын сақтау және тұрақтандыруға бағытталған «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізіліп, бизнес үшін Бағдарламаға қатысу максималды түрде оңтайландырылатынын жеткізді. Несие сомасы да 2,5 млрд теңгеден 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, салалық шектеулер алынды, кепілдік берілетін несие сомасы 1 млрд теңгеге дейін өскенін айтады.

Пайыздық ставкасы 6% көлемінде бекітілген. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі бағдарламаның бюджеті екі есеге өсіп, 4,8 млрд теңгеге жеткен. Қаражат шеңберінде 500-ден астам кәсіпорынға қолдау көрсетілмек.

Одан бөлек, биыл шаруалар «Еңбек» бағдарламасы, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталық» және «Ырыс» микроқаржы ұйымы» қаржы институтары, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламалары арқылы бизнесті қолдау мақсатында 80 млрд. теңгеге жуық қаражат қаралған. Қаржылай қолдаулардың нәтижесінде жыл соңына дейін 50 мыңға жуық кәсіпкерлік, отандық тауар өндірушілер және шаруа қожалықтары қаржылай қолдаулармен қамтылады деп жоспарланып отыр. Жалпы, экономиканы тұрақтандыру шаларына жеке кәсіпкерлік субъектілерін жаппай қатыстыру басты назарға алынған.


Соңғы жаңалықтар