Түркістан облысында микрокредит ұйымдары мен ломбардтар қайта тіркеуден өтіп жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында микрокредит ұйымдары мен ломбардтардың жұмысы бақылауға алынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа мемлекеттік орган – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жұмысын бастады.

Агенттік қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын және заңды мүдделерін қорғайды. Агенттіктің Түркістан облысындағы өкілдігі 1 шілдеге дейін қаржылық ұйымдардың ресми тіркелуін қадағалап, кейін тексеру жүргізеді. Нәтижесіне қарай шара қолданылады.

Бұл туралы брифингте агенттіктің Түркістан өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Нұржан Орманов мәлімдеді.

Оның айтуынша, микрокредиттік ұйымдар, ломбардтар ресми қайта тіркеуден өтіп, заң талаптарына сай жұмысын бастайды.

«Агенттік және өкілдіктері әр өңірдегі қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қаржы нарығын дамытуды үйлестіреді. Мәселен, Түркістан облысында 25 микрокредиттік ұйым ресми жұмыс істесе, бүгінгі таңда оның 22-сі өтініш беріп, 17-сінің құжаттары тіркелген. Қалғаны қаралуда. Сондай-ақ, өңірде 141 ломбард жұмыс істейді, оның 41-і өтініш беріп, 35-інің құжаттары рәсімделді. Тіркеу жұмыстары биылғы 1 шілдеге дейін жалғасады», - деді Нұржан Қонысұлы.

Басқарма бастығының мәлімдеуінше, агенттік шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шараларын да қадағалайды.

Сонымен қатар, Қазақстан Ұлттық банкінің еншілес ұйымдары арқылы жүзеге асырылатын жеке тұлғалардың ипотекалық тұрғын үй қарыздарын және ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ осы бағдарламалар шеңберінде банктер қабылдаған міндеттемелердің орындалуын бақылайды.

«Агенттік борышкерлердің құқығын және мүддесін коллекторлық агенттіктер тарапынан заңсыз әрекеттерінен қорғауға, коллекторлық қызметтің ашықтығын арттыруға, берешекті өндіріп алу тиімділігін және қауіпсіздігін арттыруға бағытталған іс-шараларды іске асырады. Бұдан басқа, агенттіктің құзыретіне халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған іс-шаралар кіреді» - деді.

Соңғы жаңалықтар