Түркістан облысында медицина қызметкерлері марапатталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы шепте болған 33 медицина қызметкері «Халық алғысы» медалімен марапатталды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген төсбелгілерді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәкен Қалқаманов салтанатты шарада қауіпті індет жұқтырғандарды емдеп, өз денсаулықтарын қатерге тіккен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Сіздер әлемдік пандемия қыспаққа алғанда алдыңғы шепке шығып, халықты қауіптен аман алып қалуға тікелей атсалыстыңыздар. Өз бастарыңызды тәуекелге тігіп, елдің амандығын алдыңғы орынға қойған сіздерді бүгінгі күннің батырлары десек жарасады. Біз осындай ынтымақ, бірлігімізбен және шынайы жанашырлығымызбен бұл сынақтан да сүрінбей өтетінімізге кәміл сенемін», -деді Сәкен Қалқаманов.

Қошеметке ие болғандардың бірі - Ленгір қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шындос Әбдіқалықов. Адам жанының арашасы болып жүрген азамат індет өршіген кезде инфекциялық бөлімге жетекшілік етіп, тәулік бойы жұмыс орнынан табылған. Өзі де вирусты пневмонияға шалдығып, өкпесінің 80 пайызға жуығы зақымданған.

«Жансақтау бөліміне ауыр халде түстім. Оған еш өкінішім жоқ. Науқастарды емдеп, өмірлеріне араша болу дәрігерлік адал борышым, деп білемін. Алдағы уақытта да барымды салып, күресуге бармын. Қызметімізді елеп, қошемет көрсетіп жатқан облыс басшылығына алғысымды білдеремін», -дейді Шындос Әбдіқалықов.

Медицина қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 3340 науқас толық жазылып шықты. Бірінші толқын кезеңінде COVID-19 коронавирусымен күрес аясында эпидемияға қарсы іс-шараларға 6 мыңға жуық медицина қызметкері тартылды.


Соңғы жаңалықтар