Түркістан облысында кәсіпкерлер палатасының кеңесіне үміткерлерді қабылдау басталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат –Түркістан облысында Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелігіне үміткерлерден өтінім қабылдау басталды. Кандидаттыққа өңірде тіркелген кәсіпкерлер мен Кәсіпкерлер палатасында аккредиттеуден өткен қауымдастықтардың бірінші жетекшілері сайланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбековтың айтуынша, өңірлік кеңес - мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық арасындағы диалог алаңы болып табылады. Тұрақты кеңес мүшелері бизнестің түйіткілді мәселелерін шешуге қатысып, өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ, нормативтік-құқықтық актілерді жасауға қатысады.

«Өңірлік кеңес мүшелігіне өте алатындар: ҚР азаматы, өңірдің әлеуметтік-қоғамдық өміріне белсенді араласушы, кәсіпкерлер арасында және қоғамда беделге ие болғандар, бизнесінің тарихының дұрыс болуы, әлеуметтік жауапты кәсіпкерлер, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, заңмен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болмауы керек», - деді палата директоры.

Тимур Нақыпбековтың айтуынша, 7-15 шілде аралығында кандидаттарды таныстыру мен ары қарай 16-19 шілде аралығында үгіт-насихат жұмыстары басталады. Ал, дауыс беру онлайн режимде 20-22 шілде аралығында өтеді. Облыстық кеңестің 60% облыс орталығындағы кәсіпкерлік субъектілерінен және Өңірлік палатада аккредиттеуден өткен қауымдастық, өзін-өзі реттеуші ұйымдардан, ал 40% аудандардағы кәсіпкерлік субъектілерінен құралатын болады.

Айта кетерлігі, азаматтық ұстанымы бар кез келген кәсіпкер саланың дамуына кедергі келтіретін мәселелер мен кедергілер туралы идеясы болса, өтінішін https://vote.atameken.kz немесе [email protected] пошталарына жіберуіне болады. Сондай-ақ, Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасының 8 777 918 89 51, 8 775 296 90 59 телефондарына хабарласуға болады.


Соңғы жаңалықтар