Түркістан облысында кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасалды

None
None
ШӘУІЛДІР. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Отырар ауданында кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасалды. Қылмыстық оқиға аудан орталығы Шәуілдір ауылында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бетіне бетперде киген үшеу түнгі үштер шамасында кәсіпкердің үйіне терезе арқылы кіріп, ұйықтап жатқан ерлі-зайыптыларды пышақпен қорқытқан. Артынша үй иесінің жұбайын байлап, қымбат тоны мен алтын бұйымдарын алған. Сондай-ақ, 4 ұялы телефоны мен екі аңшы мылтығын да әкеткен.

Жәбірленушілерге келген шығынның жалпы көлемі - 1 млн теңге. Қарақшылар кеткен соң кәсіпкер үйіне полиция шақырып, көмек сұраған. Оқиға орнына жеткен криминалдық полиция қызметкерлері 4 күдіктінің жеке тұлғасын анықтап, оларды бір тәуліктен соң ұстады.

Қарақшылар Отырар, Мақтаарал аудандары мен Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғыны болып шықты. Шымкент қаласынан ұсталған күдіктілердің бірі бұрын сотты болған. Тергеу барысында ұрланған заттарды ломбардқа өткізіп, қылмысын жасыру үшін аңшы мылтығын жерге көміп тастағаны белгілі болды.

«Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция басқармасы мен Отырар аудандық полиция басқармасы қызметкерлері бұл ауыр қылмысты ашып, күдікті деген төрт тұлға ұсталды. Олар уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізілуде»,- дейді Түркістан облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Құрманбек Сахов.


Соңғы жаңалықтар