Түркістан облысында қар құрсауында қалып қойған 35 жолаушы құтқарылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында қар құрсауында қалып қойған 35 жолаушы құтқарылды. Барлығы Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылына жеткізілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Облыстық ТЖД мәліметінше, өңірдің таулы аудандарында ауа райының қолайсыздығы орын алған. Бұрқасын жел мен боран болып, көктайғақтан көліктердің қозғалуы қиындаған. Салдарынан кеше, 27 қаңтар күні сағат 22:30-да «Жамбыл-Құмкент-Шолаққорған» тас жолының учаскесінде қозғалыс тоқтатылып, жол жабылған. Алайда артынша тас жолдың 80 шақырымында, Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылында бірқатар көліктердің тұрып қалғаны белгілі болған. Оқиға орнына ТЖД 11 қызметкері мен 2 техникасы, әкімдік пен полицияның қызметкерлері, жергілікті тұрғындар барып, қарға малтыққан автокөліктерді шығарып алды. Құтқарылған жолаушылардың арасында 10 бала болған.


«Автожолдың тазаланған бөлігіне 6 жеңіл және 1 ГАЗель жүк көлігі сүйреп шығарылды. Ондағы жүргізушілер мен жолаушылар Ащысай ауылының тұрғындары екені анықталды. Олардың жағдайы ойдағыдай болғандықтан, медициналық көмек қажет болмады», делінген хабарламада.

Еске салайық, кеше оңтүстік өңірінде боран болып, қар жауғандықтан бірқатар жолдар жабылып қалды. Түлкібас ауданынан Жамбыл облысы бағытындағы Алматы – Термез – Ташкент тасжолының 594-634 шақырымында ауа райының қолайсыз болуына байланысты қозғалысқа шектеу қойылды. Сондай-ақ, Көксәйек-Нысанбек-Тау самалы бағытындағы жолдың және Төлеби ауданынан Қазығұрт ауданына өтетін «Алғабас» асуының жабылғаны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар