Түркістан облысында қандай нысандар жұмыс істей бастады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында маусым айынан бастап қала және ауыларалық көлік қатынасы іске қосылып, қоғамдық орындар мен нысандар өз жұмысын бастады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитар дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, қоғамдық тамақтану орындарының ашық жазғы алаңдарында сағат 10.00-ден 22.00-дейін 50 адамға дейін қабылдауға рұқсат беріліп отыр. Тек бұл нысандардан санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау талап етіледі.

«Күшейтілген санитариялық дезинфекциялау режимін сақтай отырып, мына мекемелер өз жұмысын бастады: СПА орталықтар, монша, бассейндер, жағажайлар, халыққа арналған спорт кешендері, фитнес орталықтар, санаторий-курорттық мекемелер, демалыс үйлері, көрерменсіз мәдениет және спорт мекемелері, темір жол вокзалы мен автовокзалдар, автостанциялар, халыққа қызмет көрсету және жұмыспен қамту орталықтары, ұлттық компаниялар. Әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтай отырып саябақта, алаңдар мен скверлерде, жағалауда серуендеуге рұқсат берілді. Сондай-ақ, санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, діни нысандар да ғимаратты 30%-ға дейін ғана толтырып, өз жұмысын бастай алады», - деді Нұрбек Садықбекұлы.

Айта кетейеік, штат кестесінде 30-дан астам қызметкері бар әрбір мекемеге жұмыскерлердің кемінде 50 пайызын қашықтан жұмыс істету талап етіледі. Өз жұмысын қайта бастаған нысандарда санитарлық-дезинфекциялық және санитарлық-карантин іс-шараларының сақталуына мониторинг жүргізу жалғасатыны да ескертілді.

Бастысы, облыс аумағында маска кию режимі сақталып отыр.


Соңғы жаңалықтар