Түркістан облысында «Қамқорлық» жобасына волонтерлер атсалысып жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында «Қамқорлық» жобасына еріктілер белсенді атсалысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келес ауданында «Қамқорлық» жобасы барысында тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созып, қажетті көмек көрсету қарқынды жүзеге асуда. Аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ақментай Есбаев аудандағы бірқатар тұрмыс жағдайы төмен отбасылармен жүздесті.

Біртілек ауылдық округінің тұрғыны Шаяхмет Тасқұловтың шаңырағына барып, тұрмыс жағдайымен танысты. Отбасының егістік жері бар, алайда онда егін егуге қаржы тапшылығы тұсау болған. Аудан әкімі мұндай жағдайда «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы қолдау көрсететілетінін жеткізді.

Сондай-ақ, Келес ауданының басшысы Ораз ата елді мекенінің тұрғыны Жанат Жанабаеваның отбасында болды. Егде жастағы анасымен және қызымен бірге тұратын әйелдің баспанасы ескіріп, шатыры шытынаған. Жергілікті әкімдік қызын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін болды. Тұрмыс тауқыметін тартқан отбасына еріктілер көмек қолын созып, үйін жөндеуге білек сыбана кірісіп кетті. Сонымен қатар, аталған жанұяға ауыл биі де қолдау көрсететін болды.

Сол елді мекеннің тұрғыны, 5 баласы бар Шариза Омаралиеваға жауапты сала мамандары жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат рәсімдеуге қол ұшын созды. Отағасына жұмыс ұсынылды.

Керегетас елді мекенінің тұрғыны, 9 баланың анасы Гүлбахар Алпысбаева аудан әкімінің жеке қабылдауына барып, үйінің айналасына шағал тас төсеп беруін сұраған болатын. Келес әкімі Ақментай Үсенұлы мәселені шешуді ауыл округінің әкіміне тапсырды.



Соңғы жаңалықтар