Түркістан облысында халықтық-кеңсеге шетелдік нөмірлері бар 80-нен астам көлік иесі жүгінді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - 17-18 қаңтар аралығында Түркістан облысы полиция департаментіне қарасты халықтық-кеңселерде екі күн бойы «Жолда қабылдау» республикалық акциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екі күн ішінде полицейлерге 2 мыңнан астам келуші өз сұрақтарын қойды, оның ішінде 300-ден астам сұрақ Полиция департаментінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына түсті. «Жолда қабылдау» акциясы онлайн-режімде де көрсетіліп отырғандықтан, желі пайдаланушыларының мамандардан тікелей эфирде кеңес алуына толық мүмкіндік болды.

Аталмыш республикалық акцияға Түркістан облысы ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков, Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмас Тастанбеков, әкімшілік тәжірибе мамандары, салық органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Келушілердің қойған сауалдарының басым бөлігі шетелден әкелінген көлік құралдарын тіркеу, оған төленетін кедендік баждар мен басқа да тұстары болды.

Мысалы, акция кезінде Түркістан облысы ПД жанындағы халықтық-кеңсеге шетелдік мемлекеттік нөмірлері бар 80-нен астам автокөліктің иесі жүгінді. Бұған дейін олар «шетелдік мемлекеттік нөмірлерімен» автокөліктерді сатып алған. Мамандар азаматтарға көлік құралдарын тіркеу тәртібі мен ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Өз кезегінде полиция қызметкерлері тіркеу мәселелері бойынша автокөлік иелеріне қажетті кеңестерін берді.

Полиция генерал-майоры Қ. Дәлбеков атап өткендей, «акция кезінде азаматтарды қызықтыратын мәселелер кеңінен талқыланды. Олар шетелден әкелінген көлік құралдарын рәсімдеу тәртібімен танысты. Осылайша, Қырғызстан мен Армениядан әкелінген көлік құралдарына кедендік рәсімдерден өту, Салық кодексінде көрсетілген алымдар мен баждарды төлеу тәртібі жүзеге асырылатыны, Ресей Федерациясы мен Беларусьтен келген көлік құралдарының бұғаттауға қарсы тежегіш жүйесі, қауіпсіздік жастықтары, бекіту жүйесі, күндізгі жүріс жарықтары болуы тиістігі айтылды. Келушілерге барлық заңнама нормалары бойынша кеңестер берілді».

«Жолда қабылдау» акциясы барысында азаматтар көлік айыппұлдарының бар-жоғы және төлемі туралы ақпараттарды да ала алды. Сонымен қатар полицияға қатысты сауалдары мен мәселелерін шешу үшін әкімшілік, көші-қон және жергілікті полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінді.



Соңғы жаңалықтар