Түркістан облысында екпе алуға тиіс халық 100% вакцина салдырды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының тұрғындары 100% коронавирусқа қарсы вакцина алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысы екпе салдыру көрсеткіші бойынша алдыңғы үштік қатарында.

Өңір эпидемиологтарының зерделеуіне сәйкес, жаппай вакцина алудың арқасында коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар ауруды жеңіл өткеріп, өлім санын азайтуға айтарлықтай септігін тигізіп отыр.

Облыста Covid-19 инфекциясына қарсы вакцина салдыруға жататын азаматтардың саны - 1 млн 046 130.

Облыста вакцина салдыру науқаны басталған 2021 жылдың ақпан айынан бүгінгі күнге дейін, І-компонентті салдырғандар саны 100% жетті.

Ал, вакцинаның ІІ компонентін алған тұрғындар саны 98,7% құрап отыр.

Өңір эпидемиологтары «жоғарыдағы көрсеткіш карантин талаптарын сақтамауға болады дегенді білдірмейді» дейді.

Себебі, 15 қаңтар күнгі эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша Түркістан облысы «жасыл» аймақтан «сары» аймаққа енді.

Сондықтан эпидемиологтар тұрғындарды ревакцинациялануға шақырып отыр.

Бүгінде Түркістан облысында ревакцина алғандар саны 58 809-ға жетті.


Соңғы жаңалықтар