Түркістан облысында деструктивті діни ағымдардың алдын алу жұмыстары жүргізілуде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында діни экстремизм мен деструктивті діни ағымдардың үгіт-насихатының алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы мақсатта құрылған дін саласындағы облыстық ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері тұрғындармен кездесулер өткізуде.

Отырар ауданына арнайы келген облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесінің теолог-маманы А. Дүйсен жергілікті халыққа «Дін саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбында баяндама жасап, бейнероликтер көрсетті. Теріс діни ағымдардан сақтану бағытында кеңінен мағлұмат берді. Балтакөл ауылындағы басқосуда топ мүшелері мектеп оқушылары мен ұстаздарына және ауыл тұрғындарына жат ағымдардың қоғамға тигізер зардабы жайын әңгімелеп берді.
«Мектеп баланы болашаққа дайындап, келешек өміріне бағыт беретін ұя. Сондықтан да біз бірлесе отырып ұл-қызымыздың бойына ұлттық тәрбие мен имандылықты сіңіруге бар күшімізді салуға тиіспіз. Ендеше елімізде ұлтаралық және дінаралық татулықтың сақталуы үшін, жас ұрпақтың келешегі жарқын болуы үшін бір кісідей атсалысайық» - деді теолог маман.
Сондай-ақ жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қ. Жандарбеков діни экстремистік әрекеттер қазақ халқының салтына жат екенін, одан әрбір азамат бойын аулақ ұстауға тырысу қажет екенін айтып өтті. Басқосу барысында көпшілік тарапынан туындаған сауалдарға тұщымды жауаптар беріліп, облыстық қоғамдық даму басқармасы тарапынан арнайы дайындалған кітаптар таратылды.

Соңғы жаңалықтар