Түркістан облысында биыл айтулы рухани шараларды өткізу жоспарланған

None
None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат – Түркістан қаласында қазан айында Түркі елдері басшыларының жиыны өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл шара – күллі Түркі халықтарының рухани-мәдени орталығы – Түркістан қаласының туризмін жаңа бағытта дамытуға, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, 148 іс-шара іске асырылмақ. Жалпы, кешенді жоспарға еніп отырған жобаларды іске асырудың Түркістан облысы үшін мультипликативтік әсері зор болмақ.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес өткізілуі халықаралық деңгейде жоспарланып отырған бұл іс-шараға облыстың әрбір тұрғынын өз үлесін қосып, атсалысуға шақырамын. Өздеріңізге белгілі, биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы және композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарда бар. Бұл өз кезегінде облыстың рухани өміріне айтарлықтай үлес қосады деп сенемін»,- деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, күні кеше облыс әкімі ел алдында есеп беру жиынын өткізген болатын. Маңызды шараға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Серік Қожаниязов арнайы қатысып, облыс әкімінің өткен жылғы атқарған жұмыстарының нәтижесіне оң бағасын берді.


Соңғы жаңалықтар