Түркістан облысында білім саласындағы жемқорлық мәселесі талқыланды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында білім беру ордаларында сыбайлас жемқорлық әрекеттердің деңгейін төмендету мен осы бағыттағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында кездесу өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өңірлік департаментінің бастамасымен өткен кездесуге білім беру ұйымдарының басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Білім беру саласындағы өзекті мәселелер қаралған алқалы жиында департамент басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев және аудан-қалалық білім бөлімдерінің басшылары сөз сөйлеп, өз ұсыныс пікірлерін ортаға салды.

Шарада сөз алған Мирас Қарғабай өңірде алдын алу жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығына қарамастан, білім бөлімдері облыстық басқарманың қарамағына өтуіне байланысты құжаттарды рәсімдеу, антисептик алу, олимпиададан жүлделі орындарды сарапқа салу, аттестаттаудан өткізу мәселелерінде түйіткіл барын, сондай-ақ білім саласында жүргізілетін тексерулерде мұғалімдерден жүйелі түрде қаржы жинау деректері жиілегенін жеткізді. Бұдан бөлек, кадр мәселесін шешу, сертификат пен диплом беру, мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны талан-таражға салу, мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында да жемқорлық көріністері орын алып отырғанын атап өтті. Аталған деректер агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет көрсететін 1424 call орталығына 2020 жылы Түркістан облысы аумағынан келіп түскен 21 шағымның негізінде мәлім болғандығын баяндады.

Сонымен қатар бірқатар қала-аудандардың білім беру мекемелерінде орын алған құқықбұзушылықтарға айрықша тоқталып өтті. Жиын барысында Мемлекет басшысы қол қойған заңдағы толықтырулар мен жаңашылдықтар ортаға салынып, өткен жылдың өзінде департамент білім беру саласында 29 қылмыстық құқық бұзушылық дерегін тіркегені сөз болды. Соған сәйкес, департаменттің бастамасымен қала-аудандық білім бөлімдерінің басшыларына заңсыз ақша жинау деректеріне, атап айтсақ білім беру мекемелеріне жөндеу жүргізу, құрал-жабдықтар сатып алу, нысандарды тазалау, оқытушылар құрамына сыйлықтар мен мерекелік іс-шараларды өткізуге мәжбүрлі түрде қаражат жинауға тыйым салу тапсырылды.

Бұдан бөлек, білім беру саласында белең алған жемқорлықты жою үшін ҚР Президенті Әкімшілігімен ең үздік жүйе деп танылған «JJumis.sitcen.kz Түркістан өңірінде қолға алынып, бүгінде жалпы орта білім беру ұйымдарының педагогтарын жұмысқа қабылдау мен мектеп директорларын конкурстық тағайындау барысы автоматтандырылғаны мәлімделді.

Жиын соңында жемқорлықтың алдын алу қарқынын арттыру мақсатында агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті мен аталған басқарма бірлесе отырып, алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын жүргізетіні және белгілі бір мерзімге құрылған нақты жоспардың аясында ауқымды шаралар атқаратыны атап өтілді.


Соңғы жаңалықтар