Түркістан облысында балалардың терезеден құлап, суға бату оқиғалары алаңдатып отыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында жыл басынан бері алты бала суға батып кеткен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің аға офицері Ораз Айтқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, өңірде тұрғындар суда қауіпсіздік ережелерін сақтамайды және арнайы белгіленбеген жерлерде шомыла береді. Соның салдарынан биылғы жылдың өзінде 8 адам суға батып кетті, олардың ішінде 2 - 8 жас аралығындағы балалар болған. Жеткіншектердің өліміне оларды ата-аналарының қараусыз қалдыруы себеп болған.

«Өткен жылы 48 адам суға батып, қайтыс болды. Олардың 18-і балалар. Талдау көрсеткендей, қайғылы жағдайлардың барлығы құтқарушылар күзетпейтін жерлерде болған. Облысымызда ресми түрде тіркелген 110 демалыс орны бар. Ол жерлерде құтқарушылар жұмыс істейді. Сонымен қатар, су айдындарында облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін суда жүзуге тыйым салынған 268 белгі, 49 қауіпсіздік ережелері көрсетілген жарнамалық билбордтар орнатылды. 12 демалыс аймағының иелері меморандумға қол қойды», – деді Ораз Шералыұлы.


Департамент өкілінің сөзінше, аймақта балалардың үйлердің терезелерінен құлап кету жағдайлары да жиілеп кетті.

«Балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлау жағдайлары жиіледі. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалардың соңы көбіне қайғылы жағдайға душар етіп жатады және олар негізінен ересектердің балаларды назардан тыс қалдыруы салдарынан болады. Мәселен, Түркістан облысында өткен жылы осындай 3 оқиға тіркеліп, 8 және 4 жастағы балалар терезеден құлап, жарақат алды. Ал 1 жасар бүлдіршін оқиға орнында мерт болды. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін ата-аналар балаларына бақылауды күшейтуі қажет», – деді Ораз Айтқұлов.


Соңғы жаңалықтар