Түркістан облысында бақша дақылдарының 53% экспортталады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Өзге өңірлерді жеміс-жидек, көкөнісімен қамтамасыз ететін жері құнарлы өлке осылайша бүкіл Қазақстан халқы қажеттілігінен 3.2 есе артық бақша өнімдерін өндіріп отыр. Бақша өнімі - Түркістан облысы үшін экспортқа бағытталған мақтадан кейінгі екінші өнім, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстың табиғи климаттық ерекшелігіне орай ерте пісетін бақша, көкөніс, картоп өнімдерін жинау қарқынды жүріп жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, пияз, сәбіз, қызанақ, қияр еккен 10 276 шаруа қожалығы 1 га-дан орташа 1,5-2 млн теңге төңірегінде табыс көреді.

Диқандар жылына екі-үш мәрте өнім алу мен жаңбырлатып суару жүйесін мықтап қолға алған. Алдын ала есеп бойынша, биыл 2,8 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналады деп күтіліп отыр. Бүгінде 1,8 млн тонна немесе өнімнің 64% жиналды.

6 айда атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша, өңірде 60 пайыз астық орылып, гектар түсімі 19 центнерден 261,1 мың тонна астық қамбаға құйылды. Астық ору науқаны тамыз айының алғашқы он күндігінде аяқталады.

Мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау мен субсидиялау да мал басы мен өнімділіктің ұлғаюына оң әсерін тигізіп отыр. Атап айтқанда, мал басын ұлғайтуға 6,4 млрд теңге бөлініп, 936 агроқұрылымға 2,5 млрд теңге субсидия төленген. Нәтижесінде, жарты жылда ірі қара мал саны 6,1 пайызға артқан.

Экономикалық өсімі қарқынды әрі, ауыл шаруашылығы саласы бойынша елде ерекше орны бар Түркістан облысында жалпы саны 71,8 мың шаруа қожалығы тіркелген. Республикадағы үлесі - 33 пайыз.

200 мыңға жуық азамат егін, мал шаруашылығында жұмыспен қамтылған. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімі өткен жылға қарағанда 77 млрд теңгеге артып, 706 млрд теңгені құрайды деп күтілуде.




Соңғы жаңалықтар