Түркістан облысында ағын су мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында ағын су тапшылығын жойып, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру мәселесі біртіндеп шешілуде. Өңірде ағын су көлемін үнемдеу бағытында ауқымды жобалар қолға алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аймақты аралап, жергілікті шаруалармен кездесті.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласы аумағындағы қураған және бос жатқан жерлерге ағын су келе бастаған.

«Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында бірқатар жұмыстар басталып, сорланған және сусыз жатқан жерлердің бедерін жаңарту үшін республикалық 2 жоба іске қосылған. Сыйымдылығы 18 млн текше метр болатын «Кеңсай Қосқорған-2 су қоймасын салу» жобасына 2 млрд теңге қаралып, жұмыс қарқынды түрде басталған. Жаңа жоба құны – 5,9 млрд теңге.

Сонымен қатар, Түркістан магистралды арнасын күрделі жөндеу жобасына 4 млрд теңге көзделіп, бүгінде 9,6 шақырым канал бетондалған. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тікелей тапсырмасымен жергілікті бюджет есебінен 134 тік дренажды ұңғыманың жұмысын қалпына келтіру қолға алынды. Аталған жобаның құны – 2,6 млрд теңге.

Әзірге Түркістан аумағында 40 тік дренажды ұңғыма қалпына келтіріліп, агросаладағылардың алаңын көбейтуге мән берілген. Сондай-ақ, егіс алқаптарын суландыру мәселесі шешіліп келеді.

Сала мамандарының сөзінше, тік дренаждар мен коллекторлық жүйелер толықтай қалпына келген жағдайда жердің тұздану мәселесі шешіледі. Ал, топырақ құнары бірнеше есе артады. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысқан аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен жүзесіп, жауапты басшыларға тиісті нұсқау берді.

Еске салайық, өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Шошқакөл көлдер жүйесін дамыту» жобасы таяу күндері жүзеге аса бастайды. Одан бөлек, «Сырдария өзенінен машиналы әдіспен су беру жобасы» қолға алынып, техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық құжаттары әзірленуде.

Аталған жобалар арқасында Түркістан қаласы жалпы 196 млн текше метр ағын сумен қосымша қамтылмақ. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 16 нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде 9,5 мың га алқаптың суару қабілеті жақсарады деп жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар