Түркістан облысында адам қағып өлтіріп қашып кеткен жүргізуші ұсталды

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Арыс ауданында жүргіншіні көлігімен қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Таяуда Арыс аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның бірі хабарласып, жол-көлік оқиғасы болғанын баяндайды. Оқиға орнына бірден барған полицейлер ол жерден мәйітті көреді. Ал, жүргізуші болса, оқиға орнынан бірден ізін суытқан.

«Осылайша, мәйітке қатысты тиісті жұмыстар жүргізіліп, оқиға орнына тексеру шаралары жасалады. Ол жерді тексеру кезінде полицейлер айғақты зат ретінде көліктің алдыңғы нөмірін тауып алады. Сонымен қатар, басқа да ұсақ-түйектерге дейін мән беріп, тиісті жұмыстарды атқарады», делінген хабарламада.

Полицейлер сол күні көліктің кімге тиесілі екенін анықтайды. Сондай-ақ, Түркістан облысы бойынша барлық қала, аудандық полиция басқарма, бөлімдеріне күдіктіге қатысты хабар береді.

Қылмысты ашу үшін жедел әрекет еткен полицейлер Ордабасы ауданынан күдіктінің көлігін табады. Тексере келе көлікті тастап кеткендігі белгілі болады. Осыдан соң, Арыс ауданының полицейлері күдіктіні тез арада құрықтауға көшеді. Көп ұзамай екінші күні Төле би ауданы Леңгір қаласында көшеден күдікті ұсталды.

Тексере келе, күдікті Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Бүгінгі таңда ұсталған жүргізуші қамауда.

Айта кетерлігі, осы оқиға Арыс аудандық ПБ-де сотқа дейінгі тергеу тізіліміне тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» және 347-бабы «Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.



Соңғы жаңалықтар