Түркістан облысында АӘК-тің таратылуындағы заң бұзушылықтар қаралды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев Жетісай аудандық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың талап–тілектері мен арыз-өтініштеріне байланысты жауапты тұлғалармен мәжіліс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев пен филиал төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат хатшысы мен депутаттар, белсенді азаматтар қатысты. Мәжіліс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, қазіргі таңда өзекті болып отырған атаулы әлеуметтік көмек мәселесі сөз болды.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ә. Әбжановтың мәліметінше, АӘК жалпы 2, 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Аудандағы 7 011 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, таратылған. Қосымша көмек алу үшін Жетісайда 1 000 отбасы, Мақтааралда 500 отбасы құжат өткізген. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда екі есеге өскен. Десе де, атаулы әлеуметтік көмек бойынша ауданда арыз-шағым азаймай отыр.

Тұрғындар атаулы әлеуметтік көмекке құжат өткізерде делдалдар өз қызметін ұсынып, белгілі бір сома сұрағанын айтып шағымданды. Ал, министрліктің мәліметінше, Жетісай ауданында қазір 700 отбасы құжатына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 141 адамның жалған құжат тапсырғаны белгілі болды.

Қазіргі таңда зерделеу жұмыстары жалғасуда. Мұндай деректер еселеп өседі деп күтілуде. Сондай-ақ, соңғы 7 айда ауданда 270 отбасы ажырасқан. Бұл да атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін жасалған әрекеттер болуы мүмкін. Осы орайда, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев атаулы әлеуметтік көмек айналасындағы заңсыздықтарға тоқталып, оны үлестіруде орын алып отырған бірқатар кемшіліктерді атап өтті.

«Халық мемлекет тағайындаған заңды ақшасын алу үшін де делдалдарға жем болуда. Әлеуметтік көмек нағыз мұқтаж жандарға жетуі тиіс. Бұл келеңсіздікті тоқтату қажет. Ажырасу көрсеткішінің ауылды жерлерде күрт өсу де қазақ халқы үшін үлкен қасірет. Біз отбасы институтын жетілдіруіміз керек. Отбасыда береке орнамаса, елде береке болмайды. Партия атаулы әлеуметтік көмектің айналасында қалыптасқан олқылықтарды жою жолдарын қарастырып, тиімді шешімге жұмыс істейтін болады», - деді Бейсен Тәжібаев.

Жетісай ауданынан кейін Мақтаарал ауданына ат басын тіреген Бейсен Тәжібаев партиялас әріптестермен бұл аудандағы да АӘК-тің айналасында қордаланып қалған күрмеуі қиын мәселелерді талқылады.

Мәжілісте баяндама жасаған аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М. Мұса жалпы 6 453 отбасы 1,5 млрд теңгеден астам әлеуметтік көмек алып отырғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, осы азаматтардың ішіндегі 600-ден астам отбасына зерделеу жұмыстары жүргізілген. Әзірге белгілі болғандай 101 отбасы жәрдемақыны артық алса, 5 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз иемденген. 175 отбасының құжаты заң талаптарына сәйкес келмегендіктен кері қайтарылған.

Сондай-ақ, «Е-халық» ақпарат жүйесіне енбеген отбасылар, заңды ажырасса да бірге тұрып жатқаны анықталған. Табысын жасырған 2 406 отбасының төлемі қайта есептеліп жатыр.

Өз кезегінде партия филиалы әлеуметтік көмектің төңірегінде орын алған заңсыздықтар бойынша талдау жасап, жауапты мемлекеттік органдармен шешу жолдарын қарастыратын болады. Сондай-ақ xалықтың ортасында қажетті түсіндіру және құқықтық көмек көрсету жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Мәжілістен соң «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев Келес және Сарыағаш аудандарындағы партия филиалдарының жұмысымен жіті танысты.


Соңғы жаңалықтар