Түркістан облысында 78 мектептің құрылысы жүргізілуде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы бойынша бүгінде 78 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 40 мектептің құрылысы толық аяқталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысы Рақымбек Жолаевтың айтуынша, жаңадан салынып жатқан мектептің 70-і облыстық бюджеттен бой көтеруде. 8-і «Ауыл-Ел бесігі» жобасымен құрылысы жүргізілуде. 6 апатты және 4 үш ауысымды мектеп бар болса, оның ішінде биыл 2 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі.

«Сонымен қатар, мектептерді ішкі әжетханалармен қамтамасыз ету бойынша 2020 жылы 679 мектеп, 2021 жылы 59 мектептің ішкі әжетханалары ретке келтірілді. Қалған 18 мектептің ішкі әжетханаларының мәселесі жыл соңына дейін толығымен шешілетін болады. Мектептегі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста 906 мемлекеттік мектепте толығымен бейнебақылау жүйесі орнатылған», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, облыстағы білім мекемелерін мамандандырылған күзет және «Дабыл батырмаларымен» қамтуды кезең-кезеңімен шешу жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар