Түркістан облысында 59 қызмет түрінің тарифтері төмендетілген

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының тұтынушылары тарифтердің төмендеуінен 3 млрд-тан астам қаржы үнемдеген. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Қымбат Бейсенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында өткен жылдың қаңтар айынан бастап 59 қызмет түрі бойынша табиғи монополия субъектілерінің тарифтері төмендетілген. Нәтижесінде халықтың коммуналдық қызметке төлейтін қаражаты мейлінше үнемделген. Қымбат Бейсеновтың айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста 116 қызмет түрімен айналысатын 93 табиғи монополия субъектілері енгізілген. Атап айтқанда, 3-і — электр энергиясын тасымалдау, 10-ы —жылумен қамтамасыз ету, 73-і —сумен жабдықтау, 15-і — су бұру, 4-і — газ тасымалдау және 11-і — кірме жолдары қызметтері бойынша.


«Бүгінгі таңда облыс бойынша жылумен жабдықтаушы 6 мемлекеттік коммуналды кәсіпорын жұмыс атқаруда. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылумен жабдықтау тарифтері орта есеппен 3-17 % аралығында төмендеді. Сумен жабдықтау тарифтері орта есеппен облыста 0,1-2% арзандаған. Ал электр энергиясымен жабдықтау қызметі бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тасымалдау тарифі 6,64 теңгеден 7 теңгеге көтерілді. Ал табиғи газбен жабдықтау қызметі бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тасымалдау тарифі өз деңгейінде өзгеріссіз қалдырылды», - деді Қымбат Бейсенов.


Департаменті басшысының міндетін атқарушы сондай-ақ, табиғи монополия субъектілерінің 2018 жылғы тарифтік сметаларының орындалуы есебіне жасалған талдаулардың қорытындысына тоқталды. Бұл көрсеткіштер бойынша жалпы соммасы 1 млрд 292 млн теңге көлемінде өтемдік тарифтер бекітіліп, халыққа төмендетілген тарифпен қайтарылған.


Соңғы жаңалықтар