Түркістан облысында 50-ге жуық кәсіпкер «Ashyq» жобасына қатысуға өтінім берген

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 50-ге жуық кәсіпкер «Ashyq» жобасына қатысуға өтінім берген. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен сауда және қызмет көрсету комитетінің отырысында сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары, аудандарға қарасты басқарма өкілдері, кәсіпкерлік палатасының басшылығы қатысты. Вирустың таралу қаупін азайту мен карантиндік шаралар кезінде кәсіпкерлердің қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретін «Ashyq» жобасы сәуірдің 26–нан бастап, еліміздегі барлық өңірлерде жүзеге асырыла бастайды.

Жаңа жүйе QR-код арқылы азаматтардың мәртебесін, яғни вирусты тасымалдаушы болып табылатындығын немесе табылмайтындығын анықтайды.

Жиын барысында департамент мамандары ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылдың 13 сәуірдегі №14 «Кәсіпкерлік объектілерінде «Ashyq» мобильдік қосымшасын енгізу бойынша пилотты жүргізу туралы» Қаулысында көрсетілген жобаға қатысты алгоритмдерді түсіндіріп өтті.

Мамандардың мәліметінше, Түркістан қаласында «Rixos Turkistan» қонақ үйі мен «Kinopark» кинотеатры, Мақтаарал мен Жетісай аудандарында моншалар «Ashyq» жүйесін қолданып отыр. Пилоттық жобаға қатысу үшін қазіргі таңда 46 кәсіпкерден infokazakhstan.kz сайты арқылы өтінім түскен. Кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану объектілері, қосымша білім беру ұйымдары өтінімдерді салалық қауымдастық арқылы бере алады.


Соңғы жаңалықтар