Түркістан облысында 20 мыңға жуық бетперде тегін таратылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысындағы әрбір аудан-қалаларда қауіпті дерттің алдын алу мақсатында бетперделер тегін таратылуда. Кентау қаласында еріктілер ұйымының мүшелері көшелерді аралап, тұрғындарға 20 мыңнан аса медициналық маска мен арнайы қорғаныш қолғаптарын таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаланың жергілікті тұрғындарына коронавирустан қорғану жолдарын түсіндіріп, көшеге көп шықпауға шақырды. Әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерге бармау қажеттігін ескертіп, сақтық шараларын үнемі сақтау жөніндегі түрлі кеңестермен бөлісті.

«Еріктілер бетперделерді өздері қолдан тікті. Қазір қала көшелерінде біршамасын таратты. Сондай-ақ, қалаға кіре-беріс қақпада орналасқан блок-посттағы келушілерге берді. Енді, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, ардагерлерге және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне алып барып береміз. Бұл игі істі алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз», – дейді қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Қанат Бекметов.


Өңірде қолға алынған «BIZBIRGEMIZ» акциясы аясында «Nur Otan» партиясы Келес аудандық филиалы мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы, содай-ақ іскер әйелдер ұйымы бастаған кәсіпкер азаматшалар тұрғындарға 2 мың данадан аса бетперде үлестіріп берді. Игі шараға «Jas Otan» ЖҚ белсенділері мен аудандық Жастар ресурстық орталығының ерікті жастары атсалысты. Олар бетперделерді негізінен тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың отбасына, сонымен қатар, қауіпті аумақта күнделікті тазалық жұмыстары бойынша қызмет етіп жүрген «Келес-Тазалық» мекемесінің жұмысшыларына таратты.


Соңғы жаңалықтар