Түркістан облысында 1300-ден астам жұмысшының жалақы қарыздары қайтарылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында 1300-ден астам жұмысшының 164 млн теңге жалақы қарыздары қайтарылған. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бегман Нұрмаханов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бегман Нұрмахановтың айтуынша, өңірде өткен жылдың қорытындысымен 11 кәсіпорын мен мекемелерде 1344 жұмысшы алдында 214,3 млн теңге жалақы қарыздары анықталған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 8 кәсіпорында жалақы қарыздары төленіп, мыңнан аса жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған. Бұдан өзге, былтыр басқарма тарапынан 1089 азаматтың арыз-шағымдары қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілген.

«Азаматтардың арыз-шағымдарының 36% - жалақы төлеу мерзімінің сақталмауына байланысты болса, 25% - еңбек шартын бұзу, 12% - еңбек демалысын уақытылы бермеу және 4% - жұмыс уақыты нормасын бұзу мәселесін көтерген. Өткен жылы мекемелер мен кәсіпорындарда барлығы 397 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 445 заң бұзушылық анықталып, оның 97,3%-ы жойылды. Қалғандарының орындау мерзімі бар», - деді Бегман Жамалбекұлы.

Айта кеткен жөн, облыста шетелдік 22 ұйымда 7684 азамат жұмыс істейді. Әлеуметтік дауларға жол бермеу мақсатында шетелдің қатысуымен құрылған кәсіпорындарда еңбек қатынастары бойынша заң және нормативтік актілердің сақталуы мен орындалуы басқарманың тұрақты бақылауына алынған.


Соңғы жаңалықтар