Түркістан облысына Pfizer вакцинасының алғашқы 29 мың дозасы жеткізілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысына «Pfizer» вакцинасының алғашқы 29 мыңнан астам дозасы жеткізілді. Қазір мектептерде түсіндіру жұмысы жүргізіліп, екпе егудің тиімді тұстары айтылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамандардың сөзінше, вакцина алдымен 16 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге салынады.

Бұл өз кезегінде балалар арасындағы ауру көрсеткішін төмендетеді. Мәселен, жыл басынан бері індет жұқтыру дерегі 142 мектепте тіркелген.

Ковидке шалдыққан 392 оқушының 314- і сабақ кезінде жұқтырған.

Ал, 78-і жазғы демалыста ауырғандар. 214 сынып 14 күндік карантинге жабылған.

Айта кетейік, қазір өңірде мыңға жуық мектеп бар.

«Облыста 150 екпе пункті, 80 жылжымалы бригада бар. Сол 80 бригада ертеңгі күні қай мектеп дайын десе, кесте бойынша сол мектепке барады. Мамандандырылған әрі рұқсатнамасы бар медбикелер сол мектептептерде вакцина салады. Ал, енді ата-анасы мектепке емес, емханаға апарамын десе апара алады. Ол - өздерінің құқығы»,- дейді облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нұрхан Нұрымбетова.

Pfizer екпесі сондай-ақ, жүктіліктің 16 аптасынан бастап 37 аптасына дейін, лактация кезеңіндегі әйелдерде – босанғаннан кейінгі кезең аяқталғаннан кейін салынады.

Бүгінгі таңға дейін өңірде осы топтағы 600-ден аса әйел вакцина қабылдауға өтініш білдірген.

«Екпе дозасы мұздатқыш құрылғыларда -60-тан -90 градусқа дейінгі температура режимінде қоймада сақталады. 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакциналау білім ұйымдарының егу бөлмелерінде және емханаларда жүргізіледі», - деді облыстың бас санитария дәрігерінің орынбасары Бақтыораз Елемесов.


Соңғы жаңалықтар