Түркістан облысы қылмыс саны адам санына шаққанда ең аз өңір саналады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Республика көлемінде адам санына шаққанда қылмыс саны ең аз облыс – Түркістан. Бұл жөнінде ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың Түркістан облысына сапасы барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Қожаев өңір әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесіп, өңірдегі қылмыстық ахуал мен оған қарсы атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады.

ІІМ-нің бірінші орынбасары Түркістан облысы әкімдігінде орналасқан сараптама тобының қызметкерлерімен де кездесті. Мақсат – «Ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысын қадағалау. Сондай-ақ вице-министр облыс орталығындағы маңызды туристік нысандарды аралап, ондағы туристер мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін орнатылған «SOS» батырмаларымен және стационарлық бекеттердің жұмысымен танысты.

Бүгінгі таңда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен учаскелік полиция инспекторларының жұмыс ауқымы кеңейіп, олардың техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, жоғары деңгейдегі жұмыс нәтижесін көрсетіп, қылмыстың азаюына атсалысуы үшін барлық жағдай жасалуда. Осыған байланысты полиция генералы М.Қожаев Түркістан қалалық полиция басқармасына қарасты №4 және №6 тірек пунктеріне арнайы аялдады. Онда учаскелік инспекторлардың қызмет етуін бақылап, профилактикалық іс-шараларға байланысты тапсырмаларын берді.

Облыстық Полиция департаментіне келген бірінші вице-министр «Жедел басқару орталығының» тыныс-тіршілігімен танысты. Полицейлердің бейнекамералармен жұмыс істеуін, сервистік полиция мен цифрландыру бойынша жасалып жатқан жобаларды бақылап, өз бағасын берді. Бұл орталықта қаладағы барлық бейнекамералар бақыланады. Бүгінде республика көлемінде адам санына шаққанда қылмыс саны ең аз облыс – Түркістан. Ал өз кезегінде мұндай нәтижеге қол жеткізуде ЖБО-ның айтарлықтай үлесі бар. Яғни бейнебақылау камераларының көмегімен 2021 жылдың 10 айында 75 502 құқықбұзушылық, ал Түркістан қаласында 36 483 құқықбұзушылық анықталған.

«Түркістанды барлығы – рухани астана әрі туристік орталық ретінде жақсы таниды. Сондықтан осындай қасиетті жердің тәртіп сақшылары, сіздер әрқашан өз жұмыстарыңызға жауапты болып, қылмысты ашуда әділдікті ту етулеріңіз қажет. Полицияны халық әрдайым қорғаушы, жанашыр ретінде сезінуі керек. Ол үшін Президентіміз Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен және ҚР ІІМ Е.Тұрғымбаевтың қадағалап, іске асырылуына мұрындық болуымен сан түрлі жобалар жүзеге асуда. Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық, қылмыс не болмаса басқалай тәртіпсіздік те мүлде орын алмауы аса маңызды», – деп атап өтті полиция генералы.



Соңғы жаңалықтар