Түркістан облысы - бизнес нысандарының саны бойынша республикада көшбасшы

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының саны бойынша республикада көшбасшыға айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдері алдында кездесу өткізіп, өткен жылды қорытындылады. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары М.Мырзалиев, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев, сондай-ақ, өңірлік кеңестің, іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, екінші деңгейлі банктер, қаржы институттары мен құзыретті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.


Кездесуде Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директорының орынбасары Мәди Ибадуллаев 2019 жылдың басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысы - қалыптасқан оң бизнес-климаты бар шағын және орта кәсіпкерлік өңірі. Біздің өлкедегі адамдар өте еңбекқор және іскер. Бүгінгі таңда, облыс шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны бойынша көшбасшы болып табылады және олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға артқан»,-деді ол.


Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы 2019 жылы 10 миллиард теңге сомасында кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаған. Директор орынбасарының айтуынша, 2019 жылы палатаға 560 өтініш келіп түскен, оның 418-і оң шешімін тапқан.

Айта кету керек, «Еңбек» бағдарламасы аясында өңірде 12 579 адам оқудан өтіп, оның 7 933 адамы грант иегері атанып, жұмыссыз халықтың 24%-ы жұмыспен қамтылған. Қысқамерзімді оқыту бағыты бойынша 5 466 жұмыссыз азаматтар 3 айлық оқу курстарынан өтіп, 1 477 түлек 745,8 миллион теңге грант иегері атанды. Сонымен қатар, «Бастау-Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары шеңберінде 7 113 адам оқуды аяқтаған. Оның аясында 2,7 млрд теңге сомасына 401 жоба іске асырылып, 3,2 млрд теңге сомасына 6 456 түлекке грант берілді.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Жиын соңында Кәсіпкерлер палатасы мен «Нұр Отан» партиясының филиалымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, Түркістан облысы кәсіпкерлікті дамытудың 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар