Түркістан кинотеатрында түркі елдерінің мультфильмдері тегін көрсетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары 29 қазан күні Kinopark театрында отандық және бауырлас түркі елдердің мультфильмдерін тегін тамашалай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан қаласында өтетін халықаралық ÁMEN Animation Film фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарына арнап осындай мерекелік тарту жасайды.

«Биыл үшінші рет ұйымдастырылатын халықаралық фестивальге Қазақстанмен қатар, Әзербайжан, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан мен Түркияның білікті мультипликаторлары қатысады. Қала тұрғындары мен қонақтарын «Khanshayim Plaza» орталығындағы Kinopark кинотеатрына сағат 11.00-де «Мұзбалақ», 12.20-да – «Istanbul Muhafizlary», 13.55-те – «Күлтегін» және 15.10-да «Махамбет» мультфильмдерінің көрсетіліміне шақырамыз. 30 қазан күні анимациялық фильмдер көрсетілімі Халықаралық қазақ-түрік университеті кітапханасының кинозалында жалғасады», - деп хабарлады фестиваль ұйымдастырушылары.

Сонымен бірге, фестиваль қонақтары анимация саласындағы әлемге әйгілі мамандардың шеберлік сағаттарына қатысып, мультфильм жасаудың қыр-сырын үйрене алады. Түркістанның Конгресс-холл кешенінде екі күн бойы анимация саласындағы Орталық Азиядағы ең ірі фестиваль өтеді.



Соңғы жаңалықтар